КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ МҮДДЕЛЕРІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОРҒАУ БОЙЫНША АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ

Осы тараудың ережелерi қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi осы Кодексте белгiленген жалпы қағидалармен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi:

1) осы адамның бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiліп, олардың бiр бөлiгi он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасалған болса;

2) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам сот iсiн жүргiзу кезiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.

Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауын жүргiзу кезiнде, ҚР ҚПК-ның 113-бабында көзделген, дәлелденуге жататын мән-жайлардан басқа:

1) кәмелетке толмаған адамның жасы (туған күнi, айы, жылы);

2) кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары;

3) зияткерлік, ерiк-жiгерінің және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен темпераментінің ерекшелiктерi, қажеттіліктері мен мүдделерi;

4) кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға жатады.

Кәмелетке толмаған күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс.

Ересектермен бiрге қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысқан кәмелетке толмаған адамға қатысты iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында ҚР ҚПК-ның 44-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес жеке iс жүргiзуге бөлiп шығарылады.

Кәмелетке толмаған адамға қатысты жеке iс жүргiзуді бөліп шығару iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда, бiр iс бойынша ересектермен бірге жауапқа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға осы тараудың қағидалары қолданылады.

Кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы, сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе сотқа – өзінің ата-анасы немесе басқа заңды да өкiлдерi арқылы, олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымда не күзетпен ұсталатын кәмелетке толмаған адам өзі ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.

Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу ҚР ҚПК-ның 216 және 367-баптарында көзделген тәртiппен, қорғаушының, заңды өкiлдiң, ал қажет болған кезде психологтің және педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi.

Қорғаушы жауап алынушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.

Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және ол үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда күнiне төрт сағаттан артыққа созылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған адам анық шаршаған жағдайда, жауап алу осы уақыт аяқталмастан тоқтатылуға тиiс.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша ҚР ҚПК-ның 67-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес қорғаушының қатысуы мiндеттi.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушы кәмелетке толмағаннан – күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал ұстап алынған жағдайда – ұстап алынған кезден бастап жіберіледі.

Егер кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы не оның заңды өкiлдерi адвокатпен келiсiм жасаспаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге тиiс.

Егер сіздерге қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмағандардың құқығын сотта, тергеу және басқа да құзырлы органдарда қорғау  бойынша адвокаттың құқықтық көмегі қажет болса, Нұр-Сұлтан қаласының адвокатымен мына телефондар арқылы хабарласыңыз:

+7 (7172) 35-65-19; +7 775 380 96 52.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                         

2021-01-27 13:18:19