БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТТЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫНА АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ЖАСАУ

ҚР ҚПК-ның 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс қаралып жатқанын және кімнің апелляциялық (жекеше) шағымдары немесе прокурордың өтінішхаты бойынша екенін жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын, қатысып отырған адамдардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін жариялайды.

Төрағалық етуші отырысқа қатысатын адамдарға олардың істі апелляциялық сатыда қараған кездегі процестік құқықтарын, оның ішінде процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу құқықтарын түсіндіреді және тараптардан қарсылық білдірулері мен өтінішхаттарының бар-жоғын сұрайды және егер олар мәлімделсе, олар бойынша процеске қатысушылардың пікірін анықтайды, содан кейін сот ҚР ҚПК-ның 344-бабында көзделген тәртіпті сақтай отырып, оларды қарау нәтижелері бойынша қаулы шығарады.

Егер процеске қатысушы бірінші сатыдағы соттың үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасаудың, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қараудың өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысының заңдылығын тексеру туралы өтінішхатты мәлімдесе, онда бұл өтінішхат қарсылық білдірулерді шешкен бойда тікелей қаралуға жатады. Апелляциялық саты өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулыны заңсыз деп таныса, оның күшін жою және мерзімі өткізіп алынып берілген шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Егер өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру дұрыс деп танылса, апелляциялық саты шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын осы бапта көзделген тәртіппен қарауды жалғастырады.

Сотқа қосымша материалдарды ұсынған тұлға олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттігі неге байланысты туындағанын көрсетуге, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот жүргізген сот тергеуін толықтыру қажеттігін негіздеуге міндетті. Қосымша материалдарды тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды.

Тараптар іске жаңа материалдарды қосып тігу немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхаттарды мәлімдеген жағдайда, сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдайды, содан кейін оларды қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Егер апелляциялық саты сот тергеуін жүргізу туралы қаулы етсе, онда тараптардың өз бастамасы бойынша келген куәлардан жауап алу туралы өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады. Егер өтінішхаттарды қанағаттандыруға байланысты процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу немесе басқа да әрекеттерді орындау үшін уақыт талап етілетін болса, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.

Егер тағайындалған сараптамаларды жүргізу үшін уақыт талап етілсе, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар, тараптар ұсынған немесе олардың өтінішхаттары бойынша талап етіп алынған қосымша материалдарды, алынған сарапшылық қорытындыларды зерттейді, отырысқа шақырылған адамдардан жауап алады.

Егер бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған болса, сот көрсетілген келісімдер шегінде заңдылықты тексереді. Істі апелляциялық сатыдағы сот отырысында қараған кезде бірінші сатыдағы сот үкімінің күші заңмен көзделген негіздер бойынша жойылғаннан кейін тараптар бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасай алады.

Сот тергеуін жүргізгеннен кейін сот процеске қатысушылардың сөздерін сот жарыссөздерін жүргізу қағидалары бойынша тыңдайды, олар өз шағымдарының, прокурор өтінішхаттарының не оларға қарсылықтарының уәждері мен дәлелдерін баяндайды. Тараптар өз сөздерінде бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарға да, апелляциялық сатыда зерттелген қосымша материалдарға да сілтеме жасауға құқылы. Шағымды берген, прокурордың өтінішхатын келтірген процеске қатысушы бірінші болып сөз сөйлейді, егер олар бірнешеу болса, сот олардың пікірлерін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Егер шағымда, прокурордың өтінішхатында сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзі тыңдалғаннан кейін сөз сөйлейді.

Апелляциялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қаралып жатқан апелляциялық шағымдар бойынша пікірін айтады, прокурордың өтінішхатында көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді, сондай-ақ қажет болған жағдайларда мемлекеттік айыптауды қолдайды.

Апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелерді зерттеген, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да адамдардан жауап алған кезде сот отырысының хаттамасы жүргізіліп, ол ҚР ҚПК-ның 347-бабының талаптарына сәйкес ресімделеді. Апелляциялық сатының отырысында жауап алынған тараптар мен адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ҚР ҚПК-ның 348-бабында көзделген тәртіппен өздерінің ескертулерін беруге құқылы. Хаттамаға берілген ескертулер ҚР ҚПК-ның 349-бабында көзделген тәртіппен қаралады.

Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қолданылатын шаралар ҚР ҚБК-ның 345346-баптарының қағидаларымен айқындалады. Кеңесу бөлмесінде шешімдер қабылдау тәртібі ҚР ҚБК-ның 389-бабының қағидаларымен айқындалады.

Апелляциялық шағыммен немесе прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түскен істі қараған кезде сот үкімнің заңдылығын тексеру және істі дұрыс шешу мақсатында тараптардың өтінішхаты бойынша:

1) сотталған адамның, жәбірленушінің және іске қатысатын басқа да адамдардың денсаулық жағдайына, отбасылық жағдайына және бұрынғы сотталғандықтары туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алдыруға, тараптардың өтінішхаты бойынша – басқа құжаттарды да талап етіп алдыруға;

2) сот-психиатриялық немесе өзге де сараптаманы тағайындауға;

3) сот отырысына қосымша куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыруға және олардан жауап алуға, тараптар ұсынған немесе олардың өтінуі бойынша сот талап етіп алдырған жазбаша, заттай және өзге де дәлелдемелерді зерттеуге;

4) бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарды жарамсыз дәлелдемелер деп тануға және оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастауға;

5) бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан алып тастаған материалдарды жол берілетін дәлелдемелер деп тануға және оларды зерттеуге;

6) азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайларды зерттеуге және азаматтық талап қою бойынша шешім қабылдауға;

7) істің барлық материалдарын толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеуді қамтамасыз ету және іс бойынша ақиқатты анықтау үшін қажетті басқа да әрекеттерді орындауға құқылы.

Бірінші сатыдағы сот жауап алған, сот отырысының хаттамасында жазылған сотталған (ақталған) адамның, жәбірленушілердің, куәлардың, басқа да адамдардың айғақтарында түрліше түсінуге мүмкіндік беретін түсініксіз жайлар болған кезде сот өз бастамасы немесе тараптардың өтінішхаты бойынша сот отырысында осы мән-жайлар жөнінде жауап алу арқылы олардың айғақтарын нақтылауға құқылы.

Бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде апелляциялық сатыдағы сот оларды жасасудың мән-жайларын тексереді.

Сот істі апелляциялық тәртіппен қараудың нәтижесінде мынадай:

1) бірінші сатыдағы соттың үкімін, қаулысын – өзгеріссіз, ал апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;

2) үкімді өзгерту;

3) үкімнің күшін жою және істі толық көлемінде немесе бір бөлігінде тоқтату;

4) айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау немесе ақтау үкімін шығару;

5) ақтау үкімінің күшін жою және жаңа ақтау немесе айыптау үкімін шығару;

6) алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жою және істі жаңадан сот қарауына жіберу;

7) жаңа қаулы қабылдау арқылы қаулыны өзгерту, қаулының күшін жою;

8) үкімнің күшін жою және істі ҚР ҚПК-ның 323-бабына сәйкес прокурорға жіберу;

9) ҚР ҚПК-ның 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда үкімнің күшін жою және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

Апелляциялық сатыдағы сот шағымдарда, прокурордың өтінішхатында көрсетілген шектерде және негіздер бойынша ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға құқылы.

ҚР ҚПК-ның 405-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде апелляциялық сатыдағы сот жекеше қаулы шығарады.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде, егер шағымдарда, прокурордың өтінішхатында осы туралы өтіну болса, азаматтық талап қою бөлігінде үкімнің заңдылығын, негізділігін және әділдігін де тексереді және ҚР ҚПК-ның 170-бабының талаптарын сақтай отырып, шешім қабылдайды.

Апелляциялық сатыдағы сот үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өзгертуге құқылы.

Азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың өтінішхатында тиісті дәлелдер болған кезде ғана жол беріледі.

Мыналар:

1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi;

2) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi;

3) қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы;

4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;

5) жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуi бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.

Анықталған жағдайда iстiң дұрыс шешiлуi үшiн елеулi мәнi болуы мүмкiн мән-жайларды ашылмаған күйi қалдырған сот тергеуi бiржақты немесе толық емес жүргізілген болып танылады.

Айғақтарының iс үшiн елеулi мәнi бар адамдардан іс бойынша жауап алынбаған немесе заң бойынша жүргiзiлуi мiндеттi болып табылатын сараптама жүргiзiлмеген, сол сияқты елеулi маңызы бар құжаттар немесе заттай дәлелдемелер талап етіп алынбаған барлық жағдайда да сот тергеуi толық емес деп танылады.

Сот тергеуі олқылықтарының орнын толтырғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот ҚР ҚПК-ның 431-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.

Осы Кодекстің талаптары сақтала отырып, қысқартылған тәртіппен немесе тараптардың өтінішхаттарына байланысты дәлелдемелерді зерттеуді шектей отырып жүргізілген сот тергеуі толық емес немесе біржақты деп қарастырыла алмайды және ол осы негіздер бойынша сот үкімінің, қаулысының күшін жоюға әкеп соқпайды.

Егер:

1) соттың түйіндері сот отырысында қаралған дәлелдемелермен расталмаса;

2) сот өз түйіндеріне айтарлықтай әсер ете алатын мән-жайларды ескермесе;

3) соттың түйіндері үшiн елеулi мәнi бар қарама-қайшы дәлелдемелер болса, ал үкiмде, қаулыда соттың қандай негiздер бойынша бұл дәлелдемелердiң бiреуін қабылдап, басқаларын қабылдамай тастағаны көрсетiлмесе;

4) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінде елеулі қайшылықтар болып, олар iстiң шешiлуiне, оның iшiнде сотталған адамның, ақталған адамның кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi туралы мәселенi соттың шешуiне, қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығына немесе жазалау шараларын анықтауға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн болса, үкiм, қаулы iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмейдi деп танылады.

Сот іс материалдарын, тараптар ұсынған және істі апелляциялық қарау барысында алынған дәлелдемелерді қарап шығып, оларды жаңадан бағалауға және ҚР ҚПК-ның 431-бабының бірінші бөлігінде көзделген жаңа шешімді қабылдауға құқылы.

Егер сіздерге бірінші сатыдағы сот үкімдері мен қаулыларына апелляциялық шағым беруге байланысты білікті маманның құқықтық көмегі қажет болса, Нұр-Сұлтан қаласының адвокатымен мына телефондар арқылы хабарласыңыз:

+7 (7172) 35-65-19; +7 775 380 96 52.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    

2021-01-21 11:10:15